Тимур Құлыбаев: "Атамекен" жастардың бизнес-бастамаларын қолдайды

1858

Өз ісін ашуға бел буған Қазақстан колледждері мен жоғары оқу орындарының түлектері әдіснамалық және қаржылық қолдауға иек арта алады.

Тимур Құлыбаев: "Атамекен" жастардың бизнес-бастамаларын қолдайды

Жеке кәсіп ашуды көздеген отандық жоғары оқу орындарының түлектері қаржылық қолдау ала алады. Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП төралқа төрағасы Атырау облысының Өңірлік кеңесі отырысында мәлім етті.

Ұлттық палата басшысы 2019 жылдан бастап барлық орта мектептерде "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" атты пән енгізілетінін айтты. Аталған пән оқушыларға іскерлік машықтарды үйретіп, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға көмектеседі. Осындай жұмысты "Атамекен" жоғары оқу орындарына да енгізбек. Жеке кәсіп ашуды көздеген түлектерге "Атамекен" әдіснамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайын.

"Бүгінде жоғары оқу орындарында мамандарды дайындайды, алайда түлектерде жеке кәсіпті бастауға не бағдар, не құлшыныс жоқ. Ұлттық палата келешекке көз тастап, қазіргі кәсіпкерлікті дамытумен ғана шектелмеуі керек. Талапты, мақсаты айқын, бизнес-идеялары бар, белсенді жас, оқушы, студент, түлектер, өскелең ұрпақ дамуы үшін күш салуымыз керек. Жастар болашақта еліміздің орта класын қалыптастыруы үшін "Атамекен" оларға жеке кәсіп ашуға көмектесіп, тартымды бизнес-жобаларына қаражат құю мақсатында инвесторлар мен демеушілерді тартатын болады", – деді Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы кәсіби-техникалық білім беру саласына маман дайындауда мемлекеттік тапсырысты бөлу жөніндегі комиссияға ірі бизнестің тікелей қатысуының маңыздылығына назар аударды. Қаржының миллиардтап бөлінгеніне қарамастан, орта техникалық білім беру мекемелері түлектерінің біліктілігі нарық талабына әрдайым сай бола бермейді.

Қазіргі таңда ҚР білім және ғылым министрлігінің нормативті-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізілуде, соған сәйкес кәсіби-техникалық білім беру мекемелері нақты мамандықтар мен мамандығына сай жұмысқа орналасқан түлектер саны бойынша есеп береді. Сұранысқа ие қандай да бір мамандық пен жұмысқа орналастыру бойынша нақты дәлелді база болуға тиіс.

"Былтыр еліміздегі кәсіпорындарда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сынақтан сәтті өтті. Биыл мамандарды қысқа мерзімде тәжірибелік оқыту кеңейтіліп, ауқымы ұлғайтылады. Заманауи талап негізінде 1,5 жылында мектептің бағдарламасы оқытылатын колледждерде мамандарды 3 жыл дайындаудың мәні жоқ", ­– деді "Атамекен" басшысы.

Еске сала кетсек, өткен жылы ҰКП басшысының айтқан бағдарлама аясында қысқамерзімді оқу бағдарламасы бойынша 4792 адам білім алды. "Атамекен" ҚР ҰКП басқарамасы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің ақпары бойынша, бүгінгі күні Қазақстан бойынша кәсіпорындар жанында ашылған 189 оқу орталығы жұмыс істейді.

Тимур Құлыбаев Атырау облысының өңірлік кеңесін мамандарды қысқамерзімде дайындау бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды, оның үстіне бұл шығын мемлекет тарапынан өтеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу