Жалпыға бірдей декларациялау: келесі жылы қандай өзгеріс болады

1637

Елімізде декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. 

Жалпыға бірдей декларациялау: келесі жылы қандай өзгеріс болады

2024 жылы заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады. Үшінші кезеңде 3,9 млн қазақстандық қамтылады деп көзделіп отыр. Декларациялау ел экономикасына қалай әсер етеді? Деректерді көрсеткен кезде неге мән берген жөн? Осы және өзге де сұрақтарды Тұран университеті Қаржы кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының докторы Лутпулла Омарбакиевке қойдық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

- 2024 жылы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі бастау алады. Бұл ел экономикасына, жалпы бизнеске қалай әсер етеді?

- Жалпыға бірдей декларациялау халықтың барлық тобына біртіндеп таратылып жатыр. Үшінші кезеңде көптеген номиналды актив ұстаушылар декларация өткізуі мүмкін. 250.00-нысандағы декларация өткізілгеннен кейін екінші жылынан бастап активтерді ашудан басқа номиналды иеленушілердің активтерді сатып алуға бағытталған қаражаттың шығу көзін ашуға міндетті екенін түсіну маңызды. Себебі мемлекет заңсыз қаржылық схемаларды анықтаудың тағы бір механизмін жүзеге асырып отыр. Үшінші кезеңде бизнес иелері өз активтерін ашып көрсету керек. Бұл экономикаға тікелей әсерін тигізеді, себебі жаңадан салық базасы пайда болады. Дара кәсіпкерлер үшін белгілі бір салық тәртібін сақтауға, өз иелігіндегі активтерді тиімді пайдалануға итермелейді деген ойдамын.

- Таяуда Салық кодексіне бірқатар түзету енгізілді. Соған кеңірек тоқталсаңыз.

- Салық заңнамасында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталсақ, Салық кодексі мен нормативтік актілер қарапайым халыққа түсінікті болу керек. Егер салық төлеуші оны дұрыс түсінсе, салықты дер кезінде төлейді. Салық заңнамасындағы кейбір баптар өте түсініксіз тілмен жазылған. Болашақта салық заңнамасы қарапайым әрі түсінікті жазылғаны құба-құп. Адам Смиттің классикалық принциптеріне тоқталатын болсақ, "ыңғайлылық" деген принцип бар. Оған сәйкес салық төлеу азаматқа ыңғайлы болу керек. Әрине мерзімдері, салықты есептеу тәртібі бойынша көптеген іс-шара жүргізіліп жатыр. Сарапшылардың сөзінше, жалпыға бірдей декларациялаумен 13 млн адамға дейін қамтылады. Оның көбісі қаржыгер немесе заңгер емес. Әрине, олар өз құқықтарын білуге тырысады және заңнамаға сәйкес бюджетпен есеп-айырысқан кезде салықты өз бетімен есептеп, төлейді, барлық салық төлеушілер бухгалтерлер мен салық кеңесшілерінің қызметіне жүгіне бермейді, себебі олар ақылы қызмет көрсетеді. Сондықтан салық заңнамасы қарапайым халыққа түсініксіз болса, әрине әртүрлі сұрақтар туындайды және олар салық органынан түсініктеме алғысы келеді.

Осыдан 5 жыл бұрын да, 15 жыл бұрын да елдегі салық реформаларының мақсаты бірдей, бірақ нәтиже жоқ. Бірақ өткен әрекеттерден не өзгерді? Өткен реформалардың нәтижелері неге жоқ екенін егжей-тегжейлі талдау қажет. Салық реформалары бойынша Үкімет тарапынан барлық мемлекеттік бағдарламалар, өткен реформаларды терең сыни талдау жасау керек. Салық реформасын жүргізетін Қаржы министрлігі (Мемлекеттік кірістер комитеті) оған толыққанды жауап беруі керек. Себебі қазір бұқаралық ақпарат құралдарда салық мәселесі көп талқыланып жатыр, бірақ басқа шешім қабылдаған кезде басқа министрліктердің қызметкерлері өз жұмысы аясында ғана араласуы керек. Еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық түсіндірме белсенді жүргізілуі керек.

- Жалпыға бірдей декларациялау көлеңкелі экономикамен күресте тиімді құрал бола ала ма?

- Бұл – көлеңкелі экономикамен күресудің тікелей жолы. Мемлекет неліктен декларация арқылы азаматтардың кірісі мен шығысын сұрап жатыр? Себебі бізде көлеңкелі экономика өте жоғары деңгейде. Қазіргі сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан экономикасының жалпы көлеміндегі көлеңкелі экономиканың үлес салмағы төрттен бір бөлікті құрайды. Қазіргі таңда прогрессивті ставканы енгізу, қосылған құн салығының ставкасын көбейту деген сияқты реформалар ұсынылып жатыр. Бірақ қаншалықты олар тиімді екенін қарау керек. Мысалы, "конверттегі" жалақыны алайық. Бұл салықтан жалтарудың бір амалы, яғни екіжақты бухгалтерия. Айталық, қызметкерлер пәтер немес көлік сияқты қымбат активтерді сатып алуға ниет білдірсе, құжат бойынша төмен жалақы алса, оларға сатып алуға қаражат қайдан келгені туралы сұрақ туындайды. Сонда салық төлемдері қағаз бойынша төмен көрсетілген жалақыға сай келмей қалады.  Жалпыға бірдей декларацияны енгізудің тағы бір оң салдары мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Себебі мемлекеттік органдардағы жемқорлық деңгейі жоғары деген сарапшылардың талдаулары мен бағалаулары бар.

Декларация дұрыс толтырылмаған жағдайда қандай тәуекелдер туындауы мүмкін?

- Егер қате кетсе, кез келген салық төлеуші қосымша декларация өткізуге құқылы. e-SalyqAzamat, eGov платформалары, Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында декларация толтыратын платформалар бар. 10 мың АЕК мөлшеріндегі қолма-қол ақшаны көрсету керек туралы мәселе көп талқыланды. Салық қызметкерлерінің айтуынша, 2023 жылы 34 млн 500 мың теңге шеңберінде қолма-қол ақшаны көрсетсеңіз, болашақта сол сома шегінде мүлікті, көлік және т.б. актив сатып алатын болсақ, ол қаражаттың шығу тегін көрсетудің қажеті жоқ. Бұл таза ақша, ал теориялық жағын қарасақ, ол жоқ ақша ғой! Мүмкін декларация өткізген тұрғалардың кейбіреуінде бар шығар, бірақ менің ойымша, көптеген декларация өткізген тұлғаларда ондай ақша шындығында жоқ... Ақша теориясында "ақша агрегаттары" деген түсінік бар, соның біреуі М0 – мемлекеттегі ақша массасы, қарапайым тілмен айтқанда, қолма-қол ақшаның саны. Сонда декларация өткізген бүкіл жеке тұлғаның әр біреуінде, әсіресе бюджет мекемелерінің қызметкерлерінде, қарапайым халықтың әрқайсысында 34,5 млн теңге болса, сонда ақша массасы көбейіп тұр. Меніңше, бұл дұрыс емес.

- Талаптарды орындамаған жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалардың басшыларына қандай әсері бар? Бизнес өкілдерін қандай сұрақтар алаңдатып отыр?

- Салық заңнамасына сәйкес, Қазақстанда бизнес субъектілері көбінесе арнайы салық режимін қолданады. Салық төлеушілер үшін әртүрлі жағдайлар жасалған. Бизнесмендер еш нәрсені уайымдамауы керек. Оларды алаңдатып отырғаны – жеке меншігі, яғни жеке үйі, көлігі, активтері. Әрине, бұл активтер көрсетілуі тиіс. Қазіргі таңда Мәжіліс депутаттары, кейбір сарапшылар "сән-салтанат салығын салуды" енгізуді ұсынып отыр. Бәлкім, бизнес иелері содан уайымдап отырған шығар. Себебі қымбат заттар мен мүлікке қосымша салық салынады. Кей эксперттер егер көліктің құны 40 млн теңгеден асып кетсе, жоғарылатылған ставкамен салық төленуі тиіс деген ұсыныстар айтуда. Ал енді, мысалы, мүлік салығын алып қарасақ, ол елімізде онша жоғары емес. Себебі министрлік ұсынған мүліктің құнын есептеу әдістемесі бойынша базалық құн өте төмен деңгейде. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларында салық салу мақсатында мүліктің базалық құны бір шаршы метрі 60 мың теңгені құрайды. Ал, шын мәнінде нарықтық бағаға келетін болсақ, жылжымайтын мүліктің орналасқан жеріне байланысты 1 шаршы метр үшін әлдеқайда жоғары. Егер байлыққа салық салынатын болса, 250.00-нысанындағы кіріс декларациясын жариялаған кезде бүкіл мүлкі жариялы болады. Сонда мүлік салығының сомасы әлдеқайда өседі. Осындай сұрақтар туындауы мүмкін. Адамзат ежелден салық төлеуден жалтаруға ұмтылған. Бұл тарихтан белгілі. Халық салықты аз төлегісі келеді. Жалпы реформаға байланысты прогрессивтік ставкалар қолданылып, әдістеме өзгеруі мүмкін. Шетелдегідей номиналдық бағаның орнына нарықтық баға қолданылатын болса, мүлдем басқаша болуы да ықтимал.

- Жалпыға бірдей декларацияға қатысушыларға декларацияны толтыру және заң талаптарын сақтау бойынша қандай ұсыныстар бересіз?

- Мәліметті дұрыс әрі толық көрсеткен жөн. Сұрақтар түсініксіз әрі күмәнданған жағдайларда білікті мамандарға немесе салық органдарының кеңесшілеріне жүгіну қажет. Жалпы бәріміз "салық тәртібі" деген ұғымды жауапкершілікпен сезінуіміз керек. Салықтық жауапкершіліктің деңгейін басқа дәрежеге көтеру керек. Мемлекет басшысы әрқашан өз баяндамаларында қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жою туралы ой қозғайды. Жалпыға бірдей декларациялаудың түпкі мақсаты, меніңше, әділ салық салу. Яғни еліміздің әрбір азаматы осыған сай, өз активтеріне әділ түрде салық төлеуі керек. Сонда ғана қарапайым халықтың ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, көкейтесті мәселелері, бай мен кедейдің алшақтығы төмендейді және қазіргі қоғамдағы теңсіздік жойылады деген ойдамын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу