Женевада Сирияға қатысты кезектен тыс келіссөз өтеді

862

 Женевада Сирияға қатысты кезектен тыс келіссөз өтеді

Америка, Ұлыбритания, Франция үштік одағының Сирияға жасаған соққысына қатысты ресейлік тараптың бастамасымен Женевада кезектен тыс келіссөз өтеді. Отырыс ертең, яғни сәуірдің он алтысына жоспарланды, деп хабарлайды 24.kz.

Жиын барысында Сирия мәселесін реттеуге мүдделі елдердің өкілдері бас қосып, Таяу Шығыстағы ахуалды талқыға салмақ. АҚШ, Ұлыбритания, Франция үштігі Сирияға шабуыл жасау арқылы елдің егемендігіне нұқсан келтірді. Одақтастар әскери соққы арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының келісім талаптарын да өрескел бұзды. Ресейлік сарапшылардың пайымы осындай.

"Сирия мәселесінде тараптар Астана процесіндегі келісімді сақтауға тиіс. АҚШ пен оның жақтастары Сирияның заңды билігіне қарсы қару пайдалану арқылы бірқатар келіссөзді бұзды және мұндай қадам елдегі шиеленісті одан ары үдете түсті", - дейді  саясаткер Андрей Онтиков.

АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның бұл әрекетін Түркия жақтады.

"Енді Түркияның Астана процесінде Ресей және Иранмен әріптестік орнатуы екіталай", – дейді саясаткерлер.

"Сирия мәселесін реттеуде Женева процесі де зор рөл атқарады. Астанада да Сирияның ахуалын жақсарту үшін бірталай кездесу өткені мәлім. Шиеленісті осындай бейбіт жолмен шешкен дұрыс", - дейді Халықаралық істер жөніндегі Ресей кеңесінің сарапшысы Никита Смагин.

Ресейлік кейбір сарапшылардың пікірінше, үштіктің Сирияға жасаған шабуылының елдегі экстремистік топтарға еш ықпалы жоқ. Керісінше жағдайды ушықтыра түседі. Қақтығысты тоқтатып, Сирия мәселесін шешудің бірден-бір жолы бейбіт келісім болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу