Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен артық

Мария Матвиенко Мария Матвиенко
6134

Астанада Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына  25 жыл және Ұлы Жеңіс күні құрметіне әскери парад өтті

Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен артық

Жексенбіде Астанадағы Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына  25 жыл және Ұлы Жеңіс күні құрметіне әскери парад өтті. Парадты Қазақстан президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев ашты.

Ол барша әскерилерді  еліміздің қарулы күштерінің 25 жылдығымен құттықтап, "мемлекеттің сындарлы кезеңінде еліміздің әскері өзіне қойылған міндетті абыроймен орындап шықты" деді.

"Бүгінде қарулы күштер де елімізбен қатар жаңғыртудың тарихи кезеңін өткеріп жатыр. Терроризммен күрес күштік құрылымның  түбегейлі жаңа қызмет бағыты болып табылады.  Қазақстан әскері уақыт көшінен қалмай, қауіп қай жақтан төнсе, соған тойтарыс беруге дайын болуға тиіс", – деді  президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда елімізде "әскерилердің жаңа буыны" өсіп келе жатқанын тілге тиек етті. "Бүгін Қарулы Күштер елімізбен бірге жаңғырудың тарихи кезеңін бастан өткеруде. Терроризммен күрес барлық күш құрылымдары қызметінің мүлде жаңа бағыты болып табылады. Қазақстан армиясы сақадай сай болып, кез келген қауіп-қатерге дайын тұруға тиіс. Тағы бір негізгі міндет – жеке құрамды нығайту. Біз әскери қызметшілердің жаңа буынын тәрбиелеудеміз. Әскери киім киген адамдар мінсіз абырой мен әділдіктің эталоны, болашақ ұрпақтар үшін үлгі болуға тиіс. Мерекелік парадқа Қарулы Күштеріміздің резерві болып саналатын "Жас ұлан" әскери мектептері курсанттарының тұңғыш рет қатысып отырғаны кездейсоқ емес. Бұл – армия дәстүрі мен құндылықтар сабақтастығының жарқын белгісі", - деп атап өтті ол.

Нұрсұлтан Назарбаев Отанқорғаушылар күні Ұлы Жеңіс күшімен тұспа-тұс келгенін айта кетті.

"Біз сол сұрапыл соғыстың барша ерлеріне алғыс білдіреміз. Сіздердің жалпыға үлгі ерліктеріңіз ұрпақтың жадында сақталады.  Бейбіт өмір үшін, болашақ ұрпақ үшін  мықты, тәуелсіз Қазақстанды құруға мүмкіндік сыйлаған ардагерлерімізге мың тағзым", – деп атап көрсетті президент.

Нұрсұлтан Назарбаев "жер шарының еш жерінде жауымыз" жоқ деп атап өтті. "Біз барлық көршілерімізбен доспыз және "Бейбіт бір ғана келісім жүз жеңістен артық" деген өнегелі өсиетті есте ұстауымыз керек. Сондықтан басты құндылықтарымыз – бейбітшілік, келісім және бірлік дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеміз. Қарулы Күштер әрқашан да тәуелсіздігіміздің басты тірегі болып қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Биылғы парадқа бес мыңнан астам әскери қызметші қатысты. Механикаландырылған лекте заманауи үлгідегі  300 әскери техника мен қару-жарақ, Әуе қорғаныс күштерінің 70 авиациялық техникасы жүріп өтті.

Дәстүр бойынша жаяу колоннаның легін республикалық "Жас ұлан" мектебінің барабаншылар ротасы бастады. Одан кейін қорғаныс министрлігі, құрлық әскер, әуе қорғаныс күштері және әскери-теңіз күштері, шабуылдаушы-десанттар, теңіз жаяу әскері, бітімгер күштер, арнайы мақсаттағы әскерилер, әскери әйелдер, әскери полиция, аумақтық қорғаныс бригадалары жалғады.

Сонымен қатар "Каз Град", "Смерч", "Прима", "Кобра" әскери барлау машиналары, БМП-2 әскери құрлық машиналары, "Солнцепек" ТОС-1 жүйесі, "Штурм-С" танкіге қарсы зымырандық кешені, БТР-80А, БТР-82А бронетраспортерлері, "МСТА-Б" гаубицасы, "Гиацинт"  зеңбірек батареясы,  өздігімен жүретін "Тюльпан" минометі, "Точка-У" тактикалық зымыраны, броньдалған дөңгелекті "Арлан" машинасы, жолсыз жерлерге арналған көпнысаналы "Хаммер" броньды көлігі,  ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен "Натиск" радиоэлектрондық барлау жүйесі, "Федерал" арнайы брондалған көліктер легі, "Тигр" және заманауи әскери техникалар таныстырылды.

Әуе қорғаныс күштері озық әскери авиацияны ғана емес, мерейтойлық "25" санын бейнелеп ұшу өнеріндегі шеберліктерін де паш етті. Әуе күштері өз қабілеттерін "Бәйтерек" бейнесін бейнелейтін ұшу өнерінің жоғары көрінісімен аяқтады.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу