Биг-Бен белгі береді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4952

2021 жылға дейін жөндеуге жабылса да, әлемге әйгілі сағат жүрісінен жаңылмайды.  

Биг-Бен белгі береді

Ұлыбританиядағы Вестминстер сарайының сағат мұнарасында орналасқан Биг-Бен сағаты биылғы жылдың 21 тамызынан 2021 жылға дейін тоқтатылады.

Алдағы 4 жылда сағаттың 4 циферблаты күрделі жөндеуден өтеді. Бірден айтайық, бұл Биг-Бен мүлде тоқтап, жүрмей қалады деген сөз емес. Сағат тілінің біреуі әдеттегідей нақты уақытты көрсетіп тұрады. Жөндеу жұмысы кезінде төртінші сағаттың тілі электроқозғалқыш арқылы айналдырылады.

Ұлыбритания үкіметінің мәлімдеуінше, күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, Биг-Бен жаңа жыл мен Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу күнінде белгі береді.

1859 жылдың 31 мамырында ашылған сағаттың бұған дейін ауарайының қолайсыздығы мен құстардың соғылуынан істен шыққан және 2007 жылы жөндеу жұмыстарына байланысты 6 аптаға қолдан тоқтатылған кезі болған.  

Биг-Бен қаралы жағдайға байланысты да жүрісінен жаңылған. Алып сағат 1965 жылы Уинстон Черчиль,  2013 жылы Маргарет Тэтчер бақилық болғанда да дамыл тапқан. Ал 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1 жыл жүрмей тұрған. Өйткені Лондонға лап қойған дұшпан ұшағы Биг-Беннің дауысын бағдар етіп, ағылшындықтардың өміріне қауіп төндірген.

Жалпы алғанда, Биг-Бен ағылшындарға 158 жыл қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол әлем саяхатшыларының суретке түсетін сүйікті орындарының біріне айналған.

Виктория механизмі бойынша жұмыс істейтін сағаттың салмағы 13 тонна 700 киллограм. Ол тәулік сайын дауыс шығарады. 96 метр биіктікте орналасқан сағат тілінің ұзындығы 4, диаметрі 7 метр.

Биг-Бен әлем бойынша  төрт қырында сағаты бар мұнаралардың үштігіне кіреді. Оның алдында Меккедегі Абрадж аль-Бейт және АҚШ-тың Ратуша мұнарасындағы сағат тұр.

2012 жылы Биг-Бенге ресми түрде Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның есімі берілді. Алайда жұрт оны бұрынғы атауымен атайды.

Айтпақшы сағат циферблаттарында "Құдайым, біздің патшайымымыз І Викторияны сақтай гөр!" деген жазу бар. Ал мұнараның оң және сол жағында "Құдайға шүкір!" деген мағынадағы сөз жазылған.

Айта кетейік, жөндеу жұмысының қорытындысында Биг-Бенде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсаты болады.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу