Бір отбасы бір күнде 3 баласынан айырылды

34933

Жыл басынан бері 40 адам суға кетті.

Бір отбасы бір күнде 3 баласынан айырылды

Төтенше жағдайлар комитеті таратқан соңғы мәлімет бойынша, күні бүгінге дейін 40 адам ажал құшқан. Олардың 20-сы жас бала болған.

Ел аумағында 50 мыңнан астам су айдыны бар, халық оны суға шомылу, демалу және балық аулау үшін пайдаланады. Мамандардың пікірінше, еліміздегі 8 су айдынының 300-ден астам учаскесі аса қауіпті саналады. Бұған Есіл, Сырдария, Ертіс, Нұра өзендері, Каспий теңізі, Балқаш көлі және Қапшағай су қоймасы жатады.

Былтыр сақтық шараларын дұрыс ұйымдастырудың нәтижесінде өзендер мен көлдерде, су айдындары мен тоғандарда адамдардың қайғылы жағдайға тап болуы 8%-ға азайған. Ал биылғы көрсеткіш көңіл көншітпей тұр.

ТЖК қызметкерлерінің сөзінше, суға батып кететіндердің 90%-ы сақтық шараларын сақтамайды және бақылаусыз жатқан су айдындарында шомылады. Суға шомылу маусымы басталмай жатып, балалардың суға батуы жиілеп кеткен. Тіпті бір мезетте бірнеше баланың суға кету фактілері тіркелген. Мысалы, мамыр айының 8-ші жұлдызында Алматы облысында 2012, 2014, 2015 жылы туған бір үйдің 3 баласы жасанды арыққа құлап, мерт болған. 14-ші мамырда Жамбыл облысында 2004 жылы туған 2 бала өзен суына батып кеткен.

Қазгидрометтің болжамынша,  жаз мезгілінде еліміздің оңтүстік, батыс және шығыс аймақтарында қатты ыстық болады. Кей жерлерде ауа температурасы +40оС-ге дейін барады. Дәл осы кезде жұрттың бәрі көл жағалап кетеді. Сақтық шараларының тиісінше сақталмауының салдарынан оқыс оқиғалар да осы кезде орын алады.

ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың мәлімдемеуінше, суға шомылу маусымы кезінде 1343 құтқарушы қауіпсіздікті қадағалайды. Қажет болған жағдайда 254 құтқару техникасы, 451 жүзу құралы, 1406 сүңгу жабдығы іске қосылады.

"Сақтық шараларын қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының қауіпті учаскелеріне "Суға шомылуға тыйым салынады!" деген жазуы бар 965 белгі орнатылды. Судағы қауіпсіздікті сақтау және дәрігер келгенге дейін алғашқы көмек көрсету қағидалары жазылған 3 мыңнан жадынама, плакат, буклет таратылды", – деді Руслан Иманқұлов.

Көркем Дәурен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу