Брикет көмір – таза өмір

Бек Темір Бек Темір
4676

Қара отын өндірісіне тың технология енгізу қажет.

Брикет көмір – таза өмір

Ел бойынша өндірілетін көмірдің шамамен 70%-ы Павлодар облысына тиесілі. Алайда мұнда оны өндіру мен өңдеудің тың технологияcын өндіріске енгізу ісі кенжелеп тұр. Мәселен, жергілікті майкөбелік 5 тонна көмірден бір тонна дизель отынын алуға болады екен. Мұндай мысалдар жетерлік, технология да бар, бірақ іс жүзінде нақты ешнәрсе орындалып жатқан жоқ.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың сөзіне қарағанда, ғылымның көмір химиясы бағытына салмақты қарап, экономикалық тиімді жақтарын саралау қажет. Себебі бұл сала болашақта аймақтың өрлеуіне өлшеусіз үлес қосатындығы сөзсіз. Ал Павлодар өңірінің бауырына шөгіп жатқан көмір қоры жеткілікті. Оны деңгейіне жеткізіп  терең өңдеу жағы пысықталса, қаржы құйғысы келетін инвесторлардың қарасы да көбейер еді. Себебі осы күні инвесторларды қалыпты көмір өндірісімен қызықтыра алмайсың. Олар заман ағымына сай адам миына симайтын соны технологияларды қалайды. Бүгінгі күні өңірдің көмір өндірісіне қатысы бар кәсіпорындар ғылыми-зерттеу мекемелері мен түрлі техноорталықтарға бас қосып, ғылымды серік ету тапсырмасы жүктеліп отыр.

"Көмір химиясы және технологиялар институты" ЖШС директоры Болат Ермағамбеттің сөзіне қарағанда, көмірді күрделі өңдеудің кейбір технологиялары тәжірибеде қолданылуда. Мәселен, бақша дақылдарын өсіру үшін қажетті тыңайтқыш та жасалған. Ол қазіргі күні Астана қаласының маңындағы жылыжайлардың бірінде тәжірибе ретінде пайдаланылуда. Бұл тыңайтқыш қияр мен қызанақ секілді дақылдардың өсімділігін екі есеге арттыратын көрінеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы үшін көмір келешекте таптырмайтын тыңайтқышқа айналатын түрі бар.

Ғалымдардың сөзіне қарағанда, көмір  қалдықсыз өнім болып табылады және қайта өңдеу саласында маңызы мол шикізат. Қара отынды өндіру кезінде ұшқан шаң мен көлемі төрт милиметрдей ғана болатын ұсақ көмірді қажетке жаратуға болады. Жалпы көмір өндірісі кезінде өнімнің төрттен бөлігі осындай күйге түседі екен. Ұсақ көмірге көптің көңілі аумайтыны бесенеден белгілі. Дегенмен көмір шаңы мен ұсағын  тығыздап сығымдап брикеттелген көмір шығаруға болады. Аталмыш өнім түтін мен газды аз бөледі. Яғни экологиялық жағынан да тиімді. Сол секілді жылу бөлу қасиеті жоғары. Бұндай өндіріс Павлодар өңірінде бұрнағы жылдары ашылған, қазіргі күні сұранысқа ие тауарлардың біріне айналып отыр.

Жалпы көмір көптеген дүние өндіріп, қажетке жаратуға лайықты. Тек қолайлы технология табу қажет. Сұйық жанармаймен қатар бөлінетін газдың да орны бөлек. Түрлі салаға қажеті  газ синтезінен парафин мен сутегін өндіруге болады. Сутегі әлемдегі қат дүние екендігін ескеретін болсақ, көмір химиясын дамыту арқылы шетелдік нарықтарды жаулаудың алғышарттары бар. Сондықтан да аймақ басшысы жергілікті бейінді кәсіпорындарды көмір химиясы институтымен бірге ғылыми негізде жұмыс істеуге бағыт беріп отыр. Аталмыш  қазба байлығын жан-жақты пайдалану үшін Қытай Халық Республикасының Шаньси қаласының тәжірибесін басты назарға алу қажет. Көмір химиясы өңір экономикасы үшін жаңа сала деуге келмейді. Дегенмен жұмбақтары әлі көп. Қазіргі еліміздегі отын-энергетика саласы әртарапты дамып жатқанын ескерсек, ол болашақта таптырмайтын қайнардың біріне айналары даусыз.  

Бек Темір

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу