Данияр Ақышев: "Мүмкіндік болса, несие алмаған дұрыс"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4942

Ұлттық банктің басшысы ел тұрғындарына ақшаны қалай және қайда сақтау керектігін айтты.

Данияр Ақышев: "Мүмкіндік болса, несие алмаған дұрыс"

"Мүмкіндік болса, несие алмаған дұрыс. Несиесіз-ақ өмір сүрудің жолдарын қарастырған абзал. Ақшаны банкте сақтаңыздар. Бұл сенімді әрі қауіпсіз. 10 млн теңгеге дейінгі салымдарға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепіл болады. Ұлттық банктің лицензиясын алмаған компанияларға сенім артпаңыздар. Мойнында міндеттемесі жоқ, соған қарамастан жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынатын компанияларға алданып қалмаңыздар", – деп кеңес берді Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев бүгін өткен онлайн-конференцияда.

Бұл ретте, банк төрағасы зейнеткерлерді несие атаулыдан аулақ жүруге шақырды. Айтуынша, егер зейнет жасындағы адам несие алатын болса, ол оны ай сайынғы зейнетақысынан төлейді. Зейнетақының біраз бөлігі несиеге жұмсалса, өзінің өмір сүруіне шамалы ғана қалмақ. Ал студенттің несие алуы бөлек әңгіме. Себебі, студент еңбекке қабілетті. Ол жұмыс істеп, табыс табуға қауқарлы.

Данияр Ақышевтың айтуынша, Ұлттық банк халықтың барлық тобының қаржылық сауаттылығын арттырудың жолын қарастыруда. Банк төрағасы кез келген адам қаржылық қызметтерді дұрыс пайдалана білуі керек деп есептейді.

Конференцияда Данияр Ақышев айтқан кеңестің бірі білім саласына арналды. Нақтырақ айтсақ, банк төрағасы көпшілікті мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қосылуға шақырды. Айтуынша, бұл бағдарламаның тиімділігі көп.

"Өкінішке қарай, аталған бағдарлама ел арасында аса танымал емес. Халықты балаларының білім алуы үшін ақша жинауға ынтыландыру керек. Бұл – қажетті әрі дұрыс қадам. Сондықтан ел тұрғындарын бағдарламаның мүмкіндіктерін тағы бір мәрте саралап көруге шақырамын. Балаларыңыз кәмелеттік жасқа толып, жоғары оқу орнына түскенге дейін олардың білім алуына қажетті қаржыны қазірден бастап жинай берген дұрыс. Мемлекет бұл бағдарламаның жарнамасына және ел арасында танылуына баса мән беруі керек деп есептеймін", – деді Данияр Ақышев.

Банк төрағасының сөзінше, бағдарламаға қатысу үшін 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бастапқы жарна салу қажет. Бұған банктің сыйақысы мен мемлекет төлейтін сыйақы қосылады. Егер төлем кезінде оқу құнының 50%-дан астамы жинақталатын болса, банк оқуға қажетті қалған соманы жеңілдетілген шарттармен береді.

Деректерге сүйенсек, бүгінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне 18 мың салымшы тіркелген. Осы уақытқа дейін жинақталған салымдардың жалпы көлемі – 13 млрд теңге.

Банк төрағасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы салымдарды кімдердің уақытынан бұрын ала алатындығы туралы да айтып берді. Данияр Ақышевтің сөзінше, мұндай мүмкіндікке зенйнетақы шотына жеткілікті көлемде қаржы жинаған адамдар ие болуы ықтимал. Яғни, шоттағы сомасы жалақысына пара-пар немесе одан артық болса, БЖЗҚ-дағы салымды басқа мақсаттарға пайдалануға мүмкіндік бар.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымдардың жалпы көлемі 7,8 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 0,4%-ға өскен.

Ұлттық банктің басшысы банкоматтарда ұсақ купюралардың жетіспеушілігі және банкоматтардан ақша алғанда ұсталатын комиссиялар туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қолма-қол ақша берумен Ұлттық банк айналысады. Яғни, қаржылық реттеуші банктерді барлық ақша номиналымен қамтамасыз етеді.

"Біз банктердің банкоматқа ірі купюраларды салатынын білеміз. Бұл инкассациялау тұрғысынан тиімді. Дәлірек айтсақ, жеңіл әрі арзан. Өкінішке қарай, банктерде банкоматтарға барлық ақша номиналын салу міндеттемесі жоқ. Сондықтан, жағдайды түсініп отырмыз. Келіссөздер жүргізудеміз. Бұл ретте, Ұлттық банк тарапынан банктерге қатаң талап қойылмайды. Сондықтан жағдайды бақылауда ұстауға тырысамыз. Егер банкоматта купюра жоқ болса, біздің мобильдік қосымшамызға немесе тиісті телефон нөмірлеріне хабарласыңыздар. Біз банктермен байланысқа шығып, себебін анықтайтын боламыз", – деді Данияр Ақышев.

Төрағаның сөзінше, банкоматтарда бейнебақылау камерасы міндетті түрде болуы керек. Бұл міндетті талап болып саналады.   

"Өзге бір банктің банкоматынан ақша алғанда арнайы комиссия ұсталады. Бұл заңмен реттелген. Сондай-ақ, бұл эмитенттің қызмет көрсету шығындарына байланысты бекітіледі. Біз мұндай комиссиялардың азаюына жағдай жасауға тиіспіз", – деді Ұлттық банктің төрағасы.

Сонымен қатар, Данияр Ақышев банкоматтардан ақша алу азайып, тұрғындар біртіндеп қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшетінін айтты. Бұл ретте, жедел түрде жүзеге асырылатын төлемдер дамыған сайын банкоматтарға қатысты мәселе де азая беретінін еске салды.

Конференция барысында Данияр Ақышев Қазақстанда криптовалютаны пайдалану талаптары күшейтілетінін айтты. Осы орайда банк төрағасы ел тұрғындарын криптовалютадан іргені аулақ салуға шақырды. Оның айтуынша, криптовалюта – дүдәмал дүние. Сондықтан, оған қаржы салу қауіпті. Ол тұрғындар опық жеп қалуы әбден мүмкін екенін еске салды.

"Ел аумағында криптовалютаны қолдану талаптарын қалайда күшейту керек. Тіпті, заңмен шектеу қойса да болады. Бұл бастаманы ел үкіметі де қолдап отыр. Қазіргі таңда тиісті заңнамалық түзетулер әзірленуде", – деді ол.

Данияр Ақышевтің айтуынша, жыл басынан бері теңге 4%-ға нығайған. Әсіресе, қаңтар айында теңгеге деген сұраныс артқан. Сонымен қатар, жыл басынан бері инфляцияның төмендеуі байқалған. Инфляция көрсеткіші жылдық есеппен алғанда 6,8%-ды құрады. Яғни, 5-7% көлемінде бекітілген дәлізден шыққан жоқ. Қаңтар айында алтын-валюта қоры 3,2%-ға ұлғайып, 31,7 млрд долларға тең болған. Ұлттық қордың активтері 58,3 млрд долларды құрап отыр.

"Теңге бағамы әртүрлі факторларға байланысты күн сайын өзгеріп отыруы мүмкін. Бүгінде ақша нарығы қалпына келді. Нарықтың қатысушылары ойын ережесіне бой үйретті. Сондықтан біздің болжамға сәйкес, 2018 жылы теңге бағамы тұрақты болады және ешқандай қауіп жоқ", – деді Данияр Ақышев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу