Елімізде ең ірі 10 банк қалады

11446

17 млн халық үшін еліміздегі 35-ке жуық банк тым көп.

Елімізде ең ірі 10 банк қалады

"Қазкоммерцбанк" пен "Қазақстан Халық банкі" алда жасалуы мүмкін келісімге байланысты келіссөзді бастады. Бұл келіссөзден кейін қос банк бірге жұмыс істеуі мүмкін. Ал сарапшылар еліміздегі ең ірі екі банк бәсекеге қабілетті болуы үшін бірігіп жатқанын айтады. Ендеше өзге ұсақ банктердің жағдайы не болады? Сондай-ақ банктердің "бас қосуы" несие саясатына оң әсер ете ме?

Соңғы 2-3 жылда еліміздегі бірнеше қаржы ұйымы бірігіп жұмыс істей бастады. Мысалы "Альянс банк" пен "Темірбанк" және АТФ банк бірігіп, "ForteBank" болып құрылды. Сондай-ақ бұған дейін БТА мен "Қазкоммерцбанк" бірігіп жұмыс істей бастаған болатын. Л.Гумилёв атындағы ЕҰУ-нің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабековтің айтуынша, алдағы уақытта банктер біріге береді. Сондай-ақ ол "Қазинвестбанк" пен "Дельта банк" сияқты ұсақ қаржы ұйымдарының жабылып қалатынын болжап отыр. Ал экономистің ойынша "Қазкоммерцбанк" пен "Қазақстан Халық банкінің" бірігуінің бірнеше себебі бар.

"Біріншіден Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей мен Беларусь банктеріне қарағанда біздің қаржы ұйымдарымыз әлсіздеу. Қос банк біріккеннен кейін жоғары бәсекелестікке ие болады. Егер қос банк бірігіп жұмыс істейтін болса, ресейлік "Сбербанктен" 10 есе әлеуеті жоғары болады екен. Екіншіден бұрын біздің банктер шетелден аз пайызбен қарыз алып, оны халыққа қымбат пайызбен несие қылып беретін. Қазір бұлай жасау мүмкін болмай қалды. Үшіншіден 17 млн халық үшін еліміздегі 35-ке жуық банк тым көп. Төртіншіден ұлттық банк екінші деңгейлі коммерциялық банктерге талабын күшейтті. Бесіншіден Еуразиялық экономикалық одақ аясында қаржы нарығы құрылайын деп жатыр. Бәсекеге шыдас беру үшін біздің банктерге міндетті түрде бірігу керек. Оның үстіне ұлттық банк талапқа сай емес банктерге қатаң талап қойып отыр. Менің ойымша еліміздегі 35-ке жуық банктің 10 шақтысы ғана қалады", – дейді Бауыржан Исабеков.

Шетелдік банктер елге келмейді

Сондай-ақ сарапшылар еліміздегі банктердің бірігуін Дүниежүзілік сауда ұйымымен байланыстырады. Себебі бұл ұйымның арқасында шетелдік банктер елімізге келіп, арзан пайызбен несие бере бастауы мүмкін. Алайда бұған Бауыржан Исабеков күмәнмен қарайды.

"Біз өз еліміздің тартымдылығын арттырғанда ғана шетел банктері бізге келіп жұмыс істейді. Мәселен біздің жалпы ішкі өніміміз 225 млрд-тан 165 млрд-қа, яғни 30%-ға арзандап кетті. Бұл деген сөз, нарықтың ауқымы тар екендігін аңғартады. Егер экономика жақсы жұмыс істеп әлеуеті өссе, банктерге жұмыс істеуге үлкен алаң пайда болады. Ал қазір шетелдік банктер елге келгенімен ешқандай пайда таппайды. Себебі мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы сынды базалық салаларда жұмыс істейтін компаниялар шетелден несие алады. Сондықтан да шетелдік банктер елге келіп, төмен пайызбен несие береді дегенге менің күмәнім жоғары. Өйткені бүгінде берілген несиенің 3/1 бөлігі қайтпай отыр. Себебі жемқорлықтың салдарынан әу баста несиені қайтарылмайтындай етіп беріп тастаған. Осыны көріп, біліп отырған шетелдік банктер елге келіп жұмыс істегісі келмейді", – дейді экономист.

Ұлттық банк ұтымды саясат жүргізіп отырған жоқ

Шетелдік банктердің елге келіп жұмыс істеуіне түрлі кедергі болып отыр. Ендеше ұлттық банк шетелден 2-3%-бен алып келген несиені екінші деңгейлі банкке неге арзан пайызбен бермейді? Егер қаржы ұйымдары бас банктен арзан несие алса, оны 5, әрі кетсе 10%-бен халыққа беруге міндеттелуі керек. Бауыржан Исабековтің айтуынша ұлттық банк екінші деңгейлі банкке "несиені 5-10%-бен бер" деп талап қоя алмайды. Алайда әріптесінің бұл сөзіне Жангелді Шымшықов келіспей отыр.

"Шетелде кәсіпкерге әрі кетсе 2-3%-бен несие беріледі. Егер біздің банктер осы мөлшерде несие беретін болса, онда біздің экономикамыз көтерілетін еді. АҚШ-тың федералды резерв жүйесі банктерге 0,20%-бен несие береді. Ал біздің ұлттық банктің қаржы ұйымдарына беретін мөлшері 12% болып отыр. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерден талап етпес бұрын өзінің пайыздық мөлшерін түсіріп алсын. Таяуда ғана бұл банк "Біз несиені 0,5%-ға түсірдік" деп жарияға жар салды. Бұл ұят емес пе? Егер ұлттық банк 0,25%-бен екінші деңгейлі банкке несие беріп, "оны халыққа 2%-бен бер" деп талап қойса, одан ешкім ұтылмас еді. Алайда 12%-бен алған несиесін банк басшылары қалайша 20%-дан төмен мөлшерде бере алады", – дейді Жангелді Шымшықов.

Оның айтуынша ұлттық банк несие саясаты арқылы экономиканы тежеп отыр. Алайда Бауыржан Исабеков қаржы ұйымдарының арзан пайызбен несие бере алмайтынын бірнеше себеппен түсіндіріп берді.

"Еуропалық елдер сияқты несиені арзан пайызбен беру үшін инфлияцияның деңгейі төмен болуы керек. Өткен жылы бізде инфляция 17%-ға жетті. Ал биыл 8,5% болады деп жатыр. Қанша пайыз инфляция болса, сонша пайыз қаржы құнсызданады. Сондықтан да біз инфляцияға байланысты дамыған мемлекеттер тәрізді арзан пайызбен несие бере алмаймыз. Шетел сияқты болу үшін біздің экономкамыздың құрылымы да солар сияқты болуы керек. Яғни шикізат үлесі жалпы ішкі өнімнен төмен болуы тиіс. Бесінші және алтыншы деңгейлі өңдейтін немесе терең өңдейтін тауарлар көп болуы қажет. Арзан несие беру осы сияқты көптеген мәселе шешілгенде ғана мүмкін болады. Сондықтан бұл мәселені әкімшілік әдіспен шешуге болмайды деп есептеймін. Бұл бүгінгі таңда болып жатқан қаржы экономикалық жағдайға сәйкес болып жатқан үрдіс", – дейді Бауыржан Исабеков.

Еліміздің экономикалық әлеуметі артып, бай-қуатты болуы үшін несие саясатын сауатты шеше білу керек. Бір қызығы осы саясатты жүргізуі тиіс ұлттық банктің өзі несиені 12%-бен беріп отыр. Ал екінші деңгейлі банктерге "әй дейтін әже, қой дейтін қожа" болмай, 50 тіпті 100%-бен несие беріп отыр. Міне, бұдан кейін шағын және орта кәсіпкерлік қалайша дамиды?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу