ҚЭЗ өндірісті кеңейтуге ниетті

3104

Eurasian Resources Group қосымша құны бар металл өндірісіне көшпек.

ҚЭЗ өндірісті кеңейтуге ниетті

"Келер жылы құрылыс жобасы мен кестесін құру және басқа да қажетті құжаттарды әзірлеу жоспары тұр", – деп хабарлады abctv.kz-ке "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ның өкілдері.

2017 жылдың сәуір айында ҚР инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Павлодарда жаңа электролиз өндірісінің құрылысы – "ҚЭЗ-2" туралы хабарлаған болатын. Сондай-ақ құрылысы 2018 жылы қолға алынып, ал 2021 жылы өнім шығарыла бастайтыны айтылған еді. Бұдан бір жыл бұрын, 2016 жылдың мамырында abctv.kz Eurasian Resources Group (ERG) директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичке сілтеме жасай отырып: "Барлығы экономикалық жағдайға байланысты... Біз барлық техникалық және қаржылық жағын дайындаймыз. Нарықтағы экономикалық жағдай қалай мүмкіндік береді, сол бойда қаржы іздеуге кірісеміз..." деп жазған болатын.

Көріп отырғандарыңыздай, шаруа алған бағытында өрбіп келеді. Қалай десек те, жақын уақытта Павлодардың алюминий нарығында жаңа ойыншы пайда болады. Ол – "Giessenhause" ЖШС-ның қоспалы алюминий өндіретін зауыты. Зауыттың жобалық қуаттылығы жылына шамамен 52 мың тоннаны құрайды. Оны алдағы айлардың бірінде іске қосу жоспарлануда. Жаңа өндіріске қажетті негізгі шикізат ретінде келісім бойынша "ҚЭЗ" АҚ-дан жеткізілетін сұйық алюминий қолданылмақ.

"Зауытты кеңейту бойынша жоба әзірлеу туралы шешім "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы аумағында қоспалы алюминий кәсіпорнын құрудан біраз уақыт бұрын қабылданған болатын. Өндіріс көлемін ұлғайту жоспары – бірінші кезекте қазақстандық алюминийдің өткізу нарығын кеңейту, алюминий өндірісінің циклін жаңаша құру. Бұл алюминий құймасын түрлі қалыпта (қаңылтақ, илемдік, бағана, Т-бейнелі құйма) өндіруге мүмкіндік береді", деп хабарлайды кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Яғни басымдық берілген бағыттардың бірі – қолданыстағы кәсіпорынның өндірістік қуаттылығын одан әрі арттыру.

"ҚЭЗ-2" құрылысы кәсіпорынның жаңа деңгейге – қосымша құны бар өзіндік металл өндірісіне көшуге мүмкіндік беретін зауыт аумағындағы құрылым ретінде құрылады. Әрине, зауыттың 10 жылдағы тәжірибесі ескеріледі. Бәлкім бұл біртұтас жабдық болуы да ықтимал", – дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Бүгінде жаңа жоба әзірлену үстінде. Оған қатысты оңтайлы шешімдер қарастырылуда. Аталмыш салаға маманданған бірнеше компаниядан техникалық-коммерциялық ұсыныстар келіп түскен. ERG мамандары оларды әбден мұқият зерделеген соң, нақты шешім қабылданып, кімге сенім артуға болатыны анықталмақ. Жаңа өндірістің қуаттылығы ретінде 135-270 мың тонна аралығындағы нұсқалар қарастырылуда. Сонымен қатар кәсіпорын өз территориясында өндірілетін күйдірілген анодқа деген қажеттілігін толықтай өтеуде. Анодты жылдық тұтыну көлемі 136 мың тоннаны құрайды. Баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚЭЗ-2 іске қосылған соң кәсіпорын анодқа деген жалпы қажеттілікті өтеу үшін өндіріс көлемін арттырады.  

Бүгінде "Қазақстан алюминийі" АҚ (ERG-дің құрамына кіреді) жылына 1,5 млн тоннадан астам өнім өндіреді. 250 мың тонна алюминийді өндіру үшін жылына шамамен 500 мың тонна глинозем қажет. Бұл ретте біздің тарап глиноземді ресейлік "РУСАЛ" алюминий компаниясына жөнелтуде. "Қазақстан алюминийі" АҚ-ның өкілдері аbctv.kz-ке хабарлағандай, Қазақстан электролиз зауытына шикізатты жөнелту көлемінің артуымен ресейлік компанияға жеткізілетін глинозем көлемі азаймақ.

Қазір боксит өндіру және тиеу бойынша негізгі кен орны Қызыл октябрь кен орны (Қызыл октябрь кен басқармасы) болып табылады.

"Қазіргі таңда Торғай боксит кен басқармасындағы Амангелді кен орнының тобы кестеге сай жұмыс істеуде. Қызыл октябрь кен басқармасында Аят, Шығыс Аят, Белинск, Қызыл октябрь кен орындары сондай-ақ, Торғай боксит кен басқармасындағы Солтүстік және Жоғары Ашут кен орындары игерілуде. Сонымен қатар Тауынсор боксит кен орнын игеру үшін үкіметпен одан әрі келісімшарт жасау және жоба құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кен орнындағы барлау жұмыстары компанияның өз қаржысына жүзеге асырылды. "Қазақстан алюминийі" АҚ шикізат базасын кеңейту мақсатында басқа да боксит кен орындарын барлаумен айналысуда", – деп мәлімдеді abctv.kz-ке компания өкілдері.

Еркебұлан Қыздарбек, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу