Сара Назарбаева: "Қоғамдағы рухани құндылықтарды білім арқылы жаңғыртқымыз келеді"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
9894

Қазақстанның бірінші ханымы "Бөбек" қорының 20 жылдығына арналған салтанатқа қатысты.

Сара Назарбаева: "Қоғамдағы рухани құндылықтарды білім арқылы жаңғыртқымыз келеді"

"Бөбек" республикалық балалар қайырымдылық қорының президенті Сара Назарбаева қордың 20 жылдығына арналған шараға қатысты. Шара 26-28 қазан күндері Алматыдағы халықаралық педагогикалық форум аясында ұйымдастырылды. Форум жұмысына 800-ге жуық сарапшы жиналған.  

 "Біздің алдымызда өскелең ұрпақты шынайылыққа, мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу миссиясы тұр. Барлығыңызды адами құндылықтарды басты бағыт еткен – "Өзін-өзі тану" ілімінің 20 жылдығымен құттықтаймын. Адамгершілікке баулып, мейірімділік жасауға өз үлесін қосып жүрген ғалым, педагогтарға, әдіскерлерге, "Бөбектің" бастамаларын қолдаушыларға шынайы алғыс айтамын", – деді Сара Назарбаева.

Қазақстанның бірінші ханымы еліміздегі рухани құндылықтарды білім саласы арқылы жаңғыртқысы келетінін жеткізді.

"Дұрыс ұйымдастырылған білім жүйесі жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде құрылады. Біз білім саласы арқылы қоғамдағы рухани құндылықтарды жаңғыртқымыз келеді. Әрбір адам өз бойындағы қарым-қабілетін толық жүзеге асыра отырып, мемлекетке, тұтас адамзатқа пайда әкелуі тиіс", – деді ол.

20 жыл ішінде "Бөбек" қорының құрылымына гуманитарлық колледж, гимназия, "Өзін-өзі тану" балабақшасы және астрономиялық обсерватория енді. "Бөбек" осы жылдар дересінде балалардың сауықтыру-оңалту орталығынан маңызды ғылыми-тәжірибелік, білім және сауықтыру жобаларын жүзеге асыратын көп салалы кешенге айналды. Мұнда отандық білім саласының жаңа стандарттары, оқу бағдарламалары мен әдістемелік әдебиеттер әзірленеді. Сара Назарбаеваның қолдауымен барлық өңірде "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейтін пилоттық мектептер ашылды.

"Өзін-өзі тану" бағдарламасы еліміздегі барлық мектептің оқу процесіне енгізілген. Алматы қаласында бұл бағдарлама бойынша 8 пилоттық оқу орны жұмыс істейді. Қаладағы білім беру ұйымдарында 817 педагог "Өзін-өзі тану" пәнінен сабақ береді. 525 арнайы кабинет жабдықталған. Биыл 194 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.  

Осы жылдың шілде айында Сара Назарбаева "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік білім беру жөніндегі Х республикалық кеңеске қатысып, бұл пәнді балабақша мен мектептерде ғана емес, еліміздің жоғары оқу орындарына да енгізу қажеттігін айтқан болатын.

"Өз жан дүниеңе үңіл. Сені бақытты еткен не, бақытсыз еткен не. Осыдан соң сен балаларыңа дұрыс тәрбие бересің. Оның үстіне мұғалім болсаң, мектепке, балабақшаға, жоғары оқу орнына білім алуға келген балаларды тәрбиелейсің. Сондықтан айтарым жалпы адамгершілік құндылықтар барлық сабақта, барлық емтиханда, қабылдау емтихандарында бірінші орындағы пән болуға тиіс", – деді "Өзін-өзі тану" рухани-адамгершілік  білім беру бағдарламасының авторы.

Алматыдағы форумда білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың жеделхатын оқып берді. Онда балалардың құқығы мен қызығушылығын қорғау, оларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу және үйлесімді даму бағытында "Бөбек" қорының 20 жыл бойы атқарған жұмысы ауқымды екені жазылған.

"Сананы жаңғырту үшін қоғамды өзгерту керек. Мемлекет басшысы біздің елдегі білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер ғана енгізіп қоймай, өскелең ұрпақтың бойында адами құндылықтарды қалыптастыруға айырықша назар аударып отыр. Бұл ретте "Бөбек" қоры маңызды рөлге ие. 20 жылда "Бөбек" өскелең ұрпақтың рухани адамгершілік мәдениетін дамытуға, білім беру саласында адами қасиетті оқып үйренуге көп жағдай жасады. Балаларға және қолдау қажет ететін жандарға көмек көрсетіп, қорған болды", – деді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

"Бөбектің" 20 жылдығы – бұл тек қордың ғана емес, тұтас елдің мейрамы, бірлік пен келісімнің мерекесі. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істейтін жандардың бәрі қоғамға қажет деп есептеймін. Сол үшін мұғалімдерге зор алғыс білдіреміз. Олар балаларға білім беріп қоймай, үлкен өмірге жолдама сыйлауда. Баршаңызға алғыс айтып, денсаулық, бақыт тілеймін", – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбек "Өзін-өзі тану" бағдарламасының Алматыдағы білім беру саласының дамуына айтарлықтай мол үлес қосып, маңызды рөл атқарып отырғанын тілге тиек етті.

Алматылық оқушылар осымен алтыншы жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша бірінші орынды ешкімге берер емес. Сондай-ақ 15 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар байқауында үздік атанып келеді. 12 жыл бойы республикалық олимпиадада жалпыкомандалық есепте алматылықтар топ жарып жүр. Сондай-ақ 11-сынып оқушылары арасында өтетін президенттік олимпиадада Алматы оқушылары төрт жыл қатарынан үздік атанды.   

"Бөбек" орталығы "Өзін-өзі тану" бағдарламасын жүзеге асырып келе жатқан жаңа сипаттағы білім беру бесігі екендігі баршамызға белгелі. Осы уақыттың ішінде заманауи тәсілдерді игерген орталық ұжымы балаларды жалпы адамзаттық құндылықтармен сусындата отырып, елінің патриоты болуға тәрбиелеуде елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жиі айтатын іргелі құндылықтар", – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

2017 жылы "Бөбек" қоры ғана емес, сондай-ақ құрылуына Сара Назарбаева ықпал еткен "SOS балалар ауылы" да 20 жылдығын атап өтті. "SOS балалар ауылы" балалар үйінің тиімді баламасы болғанын еске сала кетейік.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу