Тепең-тепең етеміз, Польшаға қашан жетеміз...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1661

Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында тағы да ұтылып қалды.

Тепең-тепең етеміз, Польшаға қашан жетеміз... Фото: kff.kz

Еуропада 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында алтыншы турдың ойындары өтіп жатыр. Жұма күні кешкісін басталған. Бір күнде үш топтағы құрамалар додаға түседі. Қазақстан футболшылары кеше түнде Дания құрамасымен кездесті. Бұл ойын Алматыда өтіп, сенім артқан жігіттеріміз төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Бұл – Қазақстан құрамасының өз алаңында өткізіп отырған үшінші ойыны. Бұған дейінгі екі ойын Астанада өтіп, Талғат Байсуфинов жаттықтырған ұлттық құрамамыз Польшамен де (2:2), Румыниямен де (0:0) тең түскен болатын. Негізі, екеуі де – соңғы Еуропа чемпионатына қатысқан азулы құрамалар.

Алайда содан бері біздің футболымызда, одан кейін ұлттық құрама мен біршама өзгерістер болды. Еліміздегі футбол федерациясының басшылары ауысты. Содан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері ауыстырылды. Байсуфиновтің орнына Ресейден Александр Бородюкті шақыртып, тізгінді қолына ұстаттық.

Бірақ Бородюк сенімді ақтай алмай келеді. Наурыз мейрамынан бері үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіліке ұшырады. Әуелі Кипрде өткен оқу-жаттығу жиыны аясында жолдастық кездесу өткізіп, осы елдің футболшыларынан (яғни Кипр құрамасынан) 1:3 есебімен ұтылып қалды. Іле-шала Арарат аңғарына барып, 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы ресми кездесуін өткізді. Ереванда да жеңілді. Армения құрамасына 0:2 есебімен есе жіберіп алды. 

Енді, міне, Дания құрамасынан да ұтылып отыр. Бір ескерте кетерлігі, бұл ойын Астанада емес, Алматыда өтті. Соңғы жылдары "үйдегі" ойындарымызды "Астана-Арена" стадионында өткізіп жүргенбіз. Сәулетті стадионың көгалы – жасанды желек. Оған қонақтар бірден бейімделіп кете алмай, доптың ұшу жылдамдығын сезінгенше қиналатын. Ал біздің жігіттер үйреніп кеткен...

Бірақ бұл жолы федерация басшылары Данияны Алматыда қабылдау туралы шешім қабылдады. "Орталық" стадионның түгі ұйысқан жасыл алаңында дат футболшылары көсіле сілтеді. Бірақ қорғанысында жік бар екені байқалып тұрды. Қорғаушылары жиі қателесетіндей. Бірақ оны кәдеге жаратудың сәті түсе қоймады.

Есесіне, Дания футболшылары шабуылда ширақ қимылдап, біздің құраманы тықсыра түсті. Жалпы саны алты гол соқты. Бірақ олардың үшеуі офсайдтан соғылғандықтан, есепке алынған жоқ. Тағы да бірнеше мүмкіндіктері болды. Бұл қорғаушыларымыздың қонақтардың шабуылына төтеп бере алмай қалғанын білдіретіндей...

Рас, біздің құрама бір гол соқты. Исламбек Қуат Дания қорғаушыларынан сытылып кетіп, есепті қысқартты. Бірақ ең болмаса тең түсіп, бір ұпай еншілей алмады. Негізі, Дания құрамасының деңгейі Польша құрамасынан жоғары емес еді...    

Құрама сапындағы жігіттеріміздің кейбіреулері намыс отына күйіп кеткендей. Бірінші таймда дәміл-дәміл ойын ережесін бұзып, төрешіден ауызша ескерту алды. Көп ұзамай, Таңат Нөсербаевқа сары қағаз көрсетіліп, Бауыржан Исламхан тіпті алаңнан қуылды. Ол допты басымен қағып жібермек болып секіргенде, шынтағы Уильям Квисттің иегіне "тиіп" кеткен екен...

Сөйтіп Қазақстан құрамасы екінші таймда кем құрамда ойнады. Әрине 10 футболшымен деңгейі өзінен жоғары командаға төтеп беру оңай емес. Әрі бас бапкер де тек екінші гол соғылғаннан кейін ойыншыларымызды алмастырып, тактикалық өзгерістерді кеш енгізді. Атап айтқанда, Исламбек Қуатты алға қарай шығарды. Ал ол сенімді ақтап, гол соқты.

Сөйтіп, Қазақстан ұлттық құрамасы Дания футболшыларынан ұтылды. 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы, бұған дейінгі өз алаңымызда өткен ойындарда азулы құрамалардың өздерінен ұтылмай жүр едік. Өкінішті, әрине.

Қазақстан – Дания – 1:3

Голдар: Йоргенсен, 27 (0:1). Эриксен, 51-пенальтиден (0:2). Қуат, 76 (1:2). Дольберг, 81 (1:3).
Ескертулер: Нөсербаев, 20. Логвиненко, 63.
Алаңнан қуылды: Исламхан, 43.
Қазақстан: Лория, Шомко (Ворогвоский, 67), Логвиненко, Ахметов, Сүйімбаев, Қуат, Жуков, Исламхан, Мұжықов, Нұрғалиев (Бейсебеков, 56), Нөсербаев (Тұңғышбаев, 74).
Дания: Реннов, Дурмиси, Вестергор, Кьер, Стрюгер-Ларсен (Дальсгор, 82), Квист (Шене, 46), Дилейни, Брейтвейт, Поульсен (Дольберг, 68), Эриксен, Йоргенсен.
Төрешілер: Безбородов, Гаврилин, Данченко (бәрі де – Ресей)
Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 17 – 14

Тура соққы: 2 – 7

Қиыс кеткені: 11 – 3

Тойтарылғаны: 4 – 4

Бұрыштама соққылар: 3 – 2

Офсайдтар: 0 – 4

Доп иелену: 49% – 51%

Пастар: 360 – 401

Дәл пастар: 313 – 350

Пастар дәлдігі: 87% – 87%

Қорғаныста доп тартып алу: 33 – 31

Ескерту (сары қағаз): 2 – 0

Алаңнан аластату (қызыл қағаз): 1 – 0

Ереже бұзу: 12 – 10

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу