Уран қоры бойынша әлемде екінші орындамыз

15396

Халықаралық сарапшылар  келешекте уранға деген сұраныстың тұрақты болатынын болжап отыр.  

Уран қоры бойынша әлемде екінші орындамыз

Жапонияның Фукусима қаласындағы АЭС-та болған апаттан кейін әлемдік атом энергетикасы тұралап қалды. Алайда қазіргі уақытта сала бірте-бірте қалпына келіп жатыр. Бірақ та уран бағасы көтерілмей тұр. Уран өнеркәсібі мұндай жағдайда қалай дамиды және оның болашағы қандай болмақ?

Осы және басқа да мәселелер бейсенбі күні Астанада басталған VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты тақырыбы болды. Елордаға әлемнің 14 елінен 200-ден астам қатысушы жиналды. Мамандардың пікіріне сүйенер болсақ, қалай болады деген күдіктен гөрі болашақта бәрі жақсы болады деген үміт басым. "Қазатомөнеркәсіп"ҰК" АҚ-ның өндіріс бойынша бас директоры Бауыржан Ибраевтың айтуынша, алдағы жеті жылда әлем бойынша жаңа 50 АЭС іске қосылады.

"Тек 2015 және 2016 жыл аралығында, яғни бір жылдың ішінде көршілес Қытайда он шақты АЭС іске қосылған. Олардың саны жыл сайын өседі, бұл уранға деген сұранысты арттырды", – деді Бауыржан Ибраев.

Ал Қазақстан туралы сөз қозғайтын болсақ, біздің елде АЭС салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бауыржан Ибраевтың айтуынша, "Қазатомөнеркәсіп" 2018 жылға дейін келешекте орнатылатын реактордың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу керек.

Конференцияда сөз алған ресейлік Uranium One Group компаниясының өкілі Александр Бойцов әлемдік уран саласының қазіргі жағдайына кеңірек тоқталды.
"Көптеген сарапшы болашақта уранға тұрақты сұраныс болады деп болжауда. 2017 жылғы әлемдік атом энергетикасының базалық сценарийіне сәйкес, 2030 жылға қарай атом реакторларының уранға деген сұранысы 20%-ға өседі, яғни қазіргі 63 мың тоннадан 88 мың тоннаға жетеді", – деді Александр Бойцов.

Уранға деген сұраныс артқан кезде қазір жұмыс істеп тұрған кен орындарындағы өндіру  20%-ға қысқарады. Ал жаңа кен орындары уранға деген сұранысты қанағаттандыра алмайды, бұл шикізат тапшылығына әкеледі.

"Сондықтан 2030 жылға қарай уранның жетіспеушілігі жылына 18 мың тоннаға дейін, ал агрессивті сценарийде бұл тапшылық жылына 48 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін", – деді Александр Бойцов.

Осы орайда әлемдік уран өндірісі атом энергетикасының артып келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ете ала ма деген сұрақ туындайды. Уран өнеркәсібінде осындай мәселе туындауы мүмкін.

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын уран өнеркәсібінің тарихына үңілген дұрыс. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында уран өндірісі реакторлардың қажеттілігінен асып кеткен болатын. Осыдан барып уранның үлкен қоры жасалған еді.

Демилитаризация және конверсия бастау алғанда уранның жиналған қоры атом энергетикасының қажеттілігіне белсенді қолданыла бастады. Осыдан уран өндіру төмендей бастады да, оның бағасы өндірісті ынталандырмады.

Алайда 2000 жылдың ортасында жағдай өзгерді де, уран нарығы қайта "жанданды". Уран бағасы қайта өсіп, ол инвестициялардың да өсуіне әкелді. Сала қайта қалыпқа келу кезеңін бастан кешті. Дәл осы уақытта Канада, Африкада  ірі кен орындары ашылды. Ірі компаниялар тоқтап қалған жобаларды іске қоса бастады. 

Бірақ 2007 жылы "Фукисимадағы" қайғылы жағдайдан кейін уран дағдарысы тағы да қайталанды. Бірқатар реакторлар жабылып қалды, ал энергетикалық компаниялар өздерінің қоймадағы қорларын сатып жіберді. Бұл шикізатқа деген сұраныс балансы мен ұсыныста байқалды. Уран бағасы бір фунт үшін 72 доллардан 17-20 долларға дейін түсіп кетті.

"Сондықтан қазіргі шикізат бағасы төмен болып тұрған кезде негізгі ойыншылар жаңа кен орындарын іске қосу жоспарын қайта қарастыруда. 2015 жылы  геологиялық барлауға бөлінген инвестициялар екі есе қысқарған.  Бірақ әңгіме жобадан бас тарту және тоқтату жайында болып отырған жоқ, керісінше, тиімді технологиялық шешімдерді тарту туралы болып отыр", – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі таңда әлемнің тек екі елі ғана уран өнеркәсібіне инвестиция салуда. Ол – Қытай мен Канада.  Қытай инвестицияның 90%-ын басқа елдерге салып отыр.

2008 жылдан бастап Қытайдың өндірген уран қоры 130 мың тонна болған. Қытай уран бағасының арзан болып тұрған кезін тиімді пайдаланды.

Ресми мәліметке сүйенер болсақ, нарықтың тоқырауына қарамастан, әлем бойынша уран өндіру артып келеді. 2016 жылы өндіріс көлемі соңғы 23 жылда болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп, 62 мың тонна болған. Әлем бойынша өндірілген барлық уранның 40%-ы Қазақстанға тиесілі. 

Әлемдегі барланған уран көлемі 2015 жылдың басында 7,6 млн тонна болған. Ал уран өндіруді бастағаннан бері 2,5 млн тонна уран өндірілген. Қазіргі таңда уран қоры бойынша Аустрия көш бастап тұр, екінші орынға Қазақстан, одан кейін Ресей мен Канада орналасқан.

Уранды қолдана бастағаннан бергі уақытта  әлем бойынша мыңдаған кен орындары ашылғаны белгілі. Алайда 1940 жылдан бастап бұл процесс баяулаған. Сарапшылар болса кен орындарын ашу дәуірінің аяқталғанын айтады.

Жаңа кен орнын табу – қымбат тұрады. Орташа кен орнына жоқ дегенде 50 млн доллар қажет. Бірақ инвестицияның көлемі шикізат бағасына байлансты болады.

"Егер бүгінгі күні жаңа кен орнын іздеуді бастамасақ, 2020 жылдан кейін арзан уранның тапшылығы туындайтын болады. Бұған дейін 10-15 жыл уақыт бар. Сондықтан бүгінгі таңда урандық геологиялық барлауды жандандыру керек", – деді Александр Бойцов.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу