Vaisala-ның қай салаға тиімділік әкелетінін уақыт көрсетеді

5929

Қазақстан қалаларының халқы алдағы уақытта ауамен бірге не жұтып жүргендері туралы білетін болады.  

Vaisala-ның қай салаға тиімділік әкелетінін уақыт көрсетеді

Әзірге мұндай мүмкіндік бірінші кезекте, астаналықтар және елорда қонақтары үшін беріліп отыр.  

Бұл жайында бүгін "үкімет үйінде" өткен баспасөз конференциясында мәлімделді.

Үкіметтің баспасөз орталығында отандық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері "ЭКСПО-2017" көрмесінде Финляндия павильонында ұсынылған экологиялық мониторингтің инновациялық стансасы жобасын енді елімізде енгізудің мән-жайын айтып берді. Қазіргі уақытта ол құрылғы Астанада сынақтан өтуде екен.

Жалпы, энергетика министрлігі бұрыннан бері "Қазгидромет" республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы еліміздің ірі қалалары мен өнеркәсіп орталықтарында атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылау жүргізеді. Бірақ ол зерттелерде негізінен, не көнерген кеңестік техника, не ресейлік құрылғылар пайдаланылады.

Тұтастай алғанда, атмосфералық ауаның жай-күйіне бақылау 49 елді-мекендегі 146 бақылау бекетінде, соның ішінде 56 сынамаларды қолмен іріктеу бекетінде және 90 автоматты бекетте жүргізіледі. Олардан әрбір 20 минут сайын ақпараттар автоматты түрде тиісті серверлерге келіп түседі. Сондай-ақ, бақылау 14 жылжымалы зертхананың көмегімен де жүзеге асырылады. Бұл елді мекендерде ауа 35 ластауыш заттар бойынша тексеріледі.

Әлемдік озық технологияларды молынан сатып алып, кеңінен ендіруге әзір мемлекет мойын бұрмай отыр. Дегенмен, енді осы бағытта алғашқы қадам жасалғанға ұқсайды.

"Қазгидромет" өкілдері 2017 жылғы 11 шілдеден бастап, Астана қаласында, құтқару станциясының ауданында орналасқан ауа сапасын бақылаудың №5 автоматты постында финдер өндірілген бір Vaisala датчигі орнатылғанын жеткізді. 

Неге біреу? Өйткені бұл мекеме жаппай сатып алмас бұрын, ол құрылғының Қазақстан жағдайына қаншалықты жарайтынын тексермек және ауа сапасының мониторингі үшін пайдаланылатын қолданыстағы ресейлік өндіріс құралдарымен мәліметтерді салыстыруды жүргізіп көрмек.

"Қазгидромет" РМК финляндиялық Vaisala Group-пен 2005 жылдан бастап бірге қызмет жасауда екен. Ал ЭКСПО-2017 шеңберінде финдік әріптес "AQT-420" атмосфералық ауа сапасының автоматты датчигін таныстырды. Ол 6 ластауыш заттар – азот қос тотығы, көміртек тотығы, күкірт қос тотығы, озон, РМ 2,5 және РМ-10 өлшенген бөлшектердің концентрациясын автоматтық режимде өлшейді екен.

"Қазгидромет" РМК лабораториясының бастығы Дана Аманбаева финдік "ноухаудың" артықшылықтарын атады:

"Қолданыстағы ресейлік құрылғылармен салыстырғанда, финдік датчиктер шағын көлемді, мобильді болып келеді. Қаланың кез келген нүктесінде оңай орналасады, мысалы, бағанада, дуал немесе ғимараттың шатырында. Сондықтан ресейлік құрылғыларға секілді, жеке жер телімін бөлудің қажеті жоқ. Бұдан басқа, датчик жоғарғы дәлдікке ие, көрсеткіш кінәраты небары 1-3%-ды құрайды. Бұл мұндай құралдардағы ең жақсы көрсеткіш. Ол электр сымын тартуды керек етпейді: күн панелінің арқасында қуат жияды, датчиктің өзі төменгі энергия пайдалану көрсеткішіне ие. Сондай-ақ тағы бір артықшылығы сол, ауа сапасын анықтайтын осы датчиктерді біз метеорологиялық параметрлердің қосымша жиынтығымен де жабдықтай аламыз. Өйткені ластануды анықтауда бағытты, желдің жылдамдығын және басқа да қоршаған орта параметрлерін білу қажет", – деді Дана Аманбаева.

Ал ресейлік дәл осындай құрылғы көлемді болып келеді. Әрі ол "аса кірпияз": жеке жер телімін бөлуді қажетсінеді, ол арнайы блок-контейнерлерде орнатылуға тиіс және белгілі бір температураны сақтауды талап етеді.

"Қазгидромет" өкілі артықшылықтардан басқа, датчикті пайдалану процесі барысында анықталған кемшіліктерді де атап өтті. Датчиктің қазіргі жиынтығына үлкен қалалардың атмосфералық ауасын бақылау үшін маңызды компоненттер – азот оксиді және күкіртті сутекті анықтауға арналған сенсорлар кірмейтін көрінеді. Алайда Vaisala компаниясы 2017 жылдың соңына дейін аталған сенсорларды әзірлеуді аяқтауды жоспарлауда. Тестілік сынақтары Қазақстанда 2018 жылдың көктем-жазында өткізілмек.

Оның айтуынша, AQT-420 датчигі арқылы алынған нәтижелер ресейлік ұқсас құрылғылар нәтижелерімен салыстырылатын болады. "Қазгидромет" РМК экологиялық мониторингі жүйесінде орнатылған газ анализаторлары мен Vaisala датчиктерінің көрсеткіштерін салыстыру нәтижелерін жұртшылыққа жариялауға уәде етті.

Сонымен бірге, финдік датчиктер Қазақстан жағдайына бейімделу сыртында, елімізде өлшем құралдарының бірыңғайлығын қамтамасыз ету үшін аттестаттаудан өтуге тиіс. Содан кейін барып оны қанша көлемде сатып алуға және қандай қалаларда орнатуға қатысты ақырғы шешім қабылданады.

"Неге бұл құрылғыларды сынау үшін Астана таңдалды? "Қазгидромет" бақылау жұмыстары бойынша Қазақстанда бірнеше қала жоғары дәрежеде ластанған қалалар болып табылады. Ал Астананы таңдау себебіміз, біз осы датчиктердің біздегі солтүстік климат жағдайларына қаншалықты бейімделгенін білгіміз келді. Өйткені мұнда ластану сыртында, қатты аяз, жел және аптап ыстық болады", – деді "Қазгидромет" РМК лабораториясының бастығы.

Журналистер бұл озық делінген құрылғы тағы қай елдерде қолданылатынын сұрады. Әзірге тек Астана мен Хельсинкиде ғана тестілік режимде жұмыс жасауда екен. Басқа елдерде жоқ.

"Қазгидромет" экологиялық мониторинг басқармасының бастығы Зәуреш Әбдиеваның айтуынша, финдік технология мен техника автоматты режимде жұмыс жасайды. Тиісінше, мамандардың оған қатысы аз және кадрларды жеке даярлауды талап етпейді. Сервистік қызметті Vaisala компаниясының өзі жүзеге асыратын болады.

"Бұл датчиктер барлық сынақтан сүрінбей өтсе, бекеттер жетіспейтін елді мекендерде де орналастырылуы мүмкін. Бізде көп елдімекенде бекет жетіспейді. Бізде бекеттер саны көбейген сайын атомосфералық ауаның жағдайын бағалау ісі тиімді бола түседі. Бағалап болған соң, біз ай сайын Қазақстандағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпараттық бюллетень шығарамыз. Оны біздің энергетика министрлігіне табыстаймыз, басқа меморгандарға жібереміз және сайтта жариялаймыз", – деді Зәуреш Әбдиева.

Ол жүргізілген бақылау қорытындылары бойынша жоғары не экстремалды-жоғары ластану дәрежесі анықталса, құзырлы органдарға жедел телефонограмма жіберілетінін хабарлады. Зиянды қалдықтардың ауаға тасталуын азайту шараларын да солар қабылдауға тиіс.

Айта кетерлігі сол, осы сәрсенбіде бір топ парламент депутаты қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке "Қазгидрометтің" жағдайына қатысты шұғыл хат жолдады. Ол хатта айтылғандай, "Қазақстан аумағының метеорологиялық осалдығы (метеорологическая уязвимость) "салыстырмалы түрде алғанда жоғары" деп бағаланып отыр".

"Біздің экономикамыз тікелей не жанама түрде осының теріс әсерін тартуда және орташа алғанда 140 миллион доллар (немесе 48 миллиард 300 миллион теңге) жоғалтады. Ал ауыл шаруашылығы болса, ауа райына ең тәуелді сала болып табылады. Алайда Қазақстанда теріс гидрометеорологиялық құбылыстардың бүкіл спектрі бойынша келетін шығындарды есептеу жүргізілмейді. Бүгінде республиканың метеорологиялық мониторингпен қамтылуы 78%-ды, агрометеорологияда – 72,5%-ды, гидрологияда – 61%-ды және қоршаған орта ахуалына мониторингпен қамтамасыз етілу 56%-ды ғана құрайды", – дейді депутаттар.

Олардың мәліметінше, бірқатар стансаларда метеорологиялық бақылаулар тек қысқартылған бағдарлама бойынша ғана жүргізіледі.

Соның кесірінен Қазақстанда дауыл тұратыны (шторм) туралы ескертпелердің кейін шын болып шығу көрсеткіші 2015 жылғы 90%-дан 2017 жылы 75%-ға дейін құлдырапты. Ал дауыл құбылыстарын алдын ала болжаудың ең төменгі мерзімі 2015 жылғы 12 сағаттан биыл 6 сағатқа дейін азайған.

Депутаттар осының бәріне еліміздің гидрометеорологиялық бақылау желісімен қамтамасыз етілуінің төмендігі, өлшеу құралдарының физикалық және моральдық тозуы себеп дейді және қос министрден бұл іске кешенді көзқараспен қарауды сұрайды.

Биыл тіпті ішкі істер министрлігіндегі басшы шенеуніктер де "Қазгидрометтің" су басу және сел жүру бойынша дұрыс болжамдар бермегеніне айыптаған болатын. "Қазгидромет" бас директоры Марат Қынатов "шынында Нұра, Есіл, Елек секілді жазықтардағы өзендер бойынша гидрологтардың өз болжамдарында ағаттықтарға жол бергенін" мойындады. Бұл ретте оның себебіне жүргізілген талдаулар соңғы 40 жыл бойы гидрологтардың ескі әдістемені – "гидрологиялық болжамдаудың статистикалық әдісін" қолданатынын көрсеткен. Сондықтан келер жылдан бастап, "Қазгидромет" басшысы болжамдарды жақсартуға, меморгандар мен халықты сапалы және уақытылы ақпаратпен қамтамасыз етуге сөз береді. Бұл үшін қолданыстағы әдістемені жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. Бұл ретте "Қазгидромет" бұрын қолданбаған, бірақ дамыған елдерде таралған тағы екі әдістемені – гидрологиялық болжамдауға арналған сандық модель мен далалық әдістерді (даланы аралап, орман, ойпат, қырдағы жиналған қар мен ылғал өлшенеді) іске қоспақ ниетте. Бұл істе елімізге Италия және Қытай гидрометеоқызметтері мамандары көмектесіп жатқаны анықталды. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу