"Мошкара" масқарамызды шығарайын деп тұр

10554

Павлодар облысының тұрғындары биыл шыбын-шіркейді улауға жұмсалған 600 млн теңгеге жуық қаржы мақсатты жұмсалғанына күдік келтіруде.

"Мошкара" масқарамызды шығарайын деп тұр

Әңгіменің анығын айтайық. Былтыр Павлодар облысында 100 млн теңгеден астам қаржы көктемгі су тасқыны кезінде шыбын-шіркейді улауға жұмсалған болатын. Алайда қансорғыштар тоқалаң асқан жоқ, керісінше бал көргендей құтырып шыға келді. Ит – үйшігіне, мал қораға тығылды. Ал шіркейдің жеті атасына тіл тигізген адамдар болса түрлі қорғаныс дәрмектерін пайдаланбақ болды. Алайда мазалары кеткендігі сондай, зәрелері зәр түбіне түсіп үйден шыққан жоқ. Құстың да балапандары қырылып, елге келетін туристер саны күрт кеміді. Жергілікті билік облыс бойынша төтенше жағдай жариялауға шақ қалды. Масаның ызасы өткеннен кейін аймақ бойынша келесі жылы зиянкестердің көзін құрту үшін түрлі шаралар тізбегі жасалып, бөлінетін қаржы көлемі еселеп артып, 600 млн теңгеге жуықтады. Биыл қансорғыштардың әрбірін сирағынан ұстап алып тұқымымен құртамыз деген сыңайда сөз берді. Уақыт өтті. Ертіс ернеуінен асып тасыды. Масаға қарсы дәрі себілді. Нәтижесі – нөл.

Ағымдағы жылы да шыбын-шіркей ештеңеге қарамастан буып шығып, жолындағысының бәрін "буындырып" жатыр. Ал масаны қырамыз деп "бес қаруын" сайланған мамандар болса не айтарларын білмей күмілжіп, балталарын тасқа шабуда. "Фитосанитария" РМК Павлодар облыстық филиалының бас маманы Иван Кисильдің жергілікті газеттерге айтқан уәжін тыңдасақ, қансорғыштар оқыстан қаптаған екен.  Шіркейдің дернәсілдері былтырғымен салыстырғанда екі есе көп.  Ертіс суы  2001 жылдан бері биыл алғаш рет жайылымның айтарлықтай көлеміне жайылып, тоқсан пайыздай аумақты басқан. Қашыр мен Железин аудандарында дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатқан уақытта әлі ернеуіне енбеген көрінеді.  Яғни шіркейді сол аудандардан қатты жел алып келген. Осылайша қалалықтар зиянкестердің тап ортасында қалып отыр. Жауапты мамандардың сөзіне сенсек, шіркейді аталған аудандардан жел ұшырып әкелген екен. Алайда ол аудандардың адамдары да жайдары жаздың қызығын көріп отырған жоқ. Тіпті қойын қамап, сиыр сауып келуге шыққан ауылдықтар қалың жаудың ортасына барып келгендей жағдайда отыр. Енді кімге сенеміз? Ғылыми қорытынды жасаған маманға ма, жоқ әлде күнде зиянкестерге тегін қан тапсырғандарға ма?

Аймақта зиянкестерді улау жұмысы 18 мамырда басталған болатын. Яғни Шығыс Қазақстан облысы аумағынан Ертіске 40 тонна бактицид құйылған. Жақында Ақсу қаласы аумағында да улау жұмыстары жүргізілді. Мамандар жуықта аталмыш шараның үшінші кезеңін атқармақ. Дегенмен, жауапты тұлғалар асқынған ауруды алдын алғаннан қайыр болмайтынын алға тартуда. Сондықтан да зиянкестерді толықтай жеңу үшін уақыт пен қомақты қаржы қажет. Бәрін айт та бірін айт, қазір қомақты қаржы қолдарына тигенде "қырамыз" дегендер кірерге тесік таппай жүр. Елдің алдына шығатын бет жоқ. Басында семіз сөйлеп қойғандарына сенген халық болса оларды шыбын-шіркейдің ортасына қоя беруге бар. Себебі әбден мезі болды.

Биыл Астанада "ЭКСПО" халықаралық көрмесі басталатын уақытта шыбын-шіркейдің шұбырып шыққаны оған кері әсерін тигізбей қоймайды. Себебі келген туристке "бізде маса екі жыл ғана осылай буып тұр" деп түсіндіре алмайсың. Өкініштісі де сол. Амал қанша, "машкара" масқарамызды шығарғалы тұр. Әлі де болсын уақыт бар. Қазіргі күні жерден де, әуеден де барлық шаралар қолға алынған. Біз де тек соның шарапаты ғана тисе екен деген тілектеміз.

Айтпақшы, масаның қаптағаны біреулерді "қышыма" ауруына шалдықтарса, енді біреудің қалтасын қампайтып жатыр. Осы күні қансорғыштарға қарсы дәрмектер мен түрлі бетперделердің бағасы өсіп шыға келді. Әйтеуір, біреулер құлағанда, екіншілер қуанатын жағдай болып тұр.

Бек Темір, Павлодар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу