Бірінші рет бір күнде үш алтын алдық

Бүгін ХVІІІ жазғы Азия ойындарында бірінші рет үш алтын алдық. Әрі екі күміс төрт қола олжаладық.

30 Тамыз 2018 22:16 Автор: Маруан Түсіп
Бірінші рет бір күнде үш алтын алдық, ХVІІІ жазғы Азия ойындары, Дидар Хамза, Ольга Рыпакова, ескек есу алтын, күміс

Сүйінші! Иорданияда өтіп жатқан Азия ойындарында бірінші рет бір күнде үш алтынға қол жеткіздік. Дзюдошы Дидар Хамза, жеңілатлет Ольга Рыпакова және байдаркада ескек есуден Қазақстан құрамасының төрттігі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, әнұранымыз құйқылжыды.

Дзюдодан 81 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дидар Хамза қарсыластарының бәрін жығып, ел қоржынына 10-шы алтынды салды. Ол бірінші белдесуінде Таиланд, ширек финалда Моңғолия, ал жартылай финалда жапон жігіттерін жеңді. Ешқайсысы да осал емес еді. Ал финалда Иран үміті Саид Моллаидан айласын асырды.

Өкінішке қарай, Зере Бектасқызы (70 келі) және Севара Нишанбаева (57 келі) қола жүлде үшін күресіп, екеуі де ұтылып қалды. Сөйтіп қыздарымыз 5-орынды қанағат тұтты. Қола жүлде үшін өткен белдесуде Зере моңғол қызына, ал Севара Тайвань дзюдошысына есе жіберіп алды.

Ольга Рыпакова тағы да жеңіл атлетикамыздың беделін түсірмей, ел қоржынына 11-ші алтынды салды. Ол үш қарғып секіру сайысында 14,26 метрді еңсеріп, бірінші орынға ие болды. Әрі Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы атанды (2006, 2010, 2014 және 2018 жж.) Ольгамен бірге ел намысын қорғаған Ирина Эктова 6-шы орынға тұрақтады (13,58 м). 

Жеңіл атлетикадан әйелдер арасындағы 4х100 эстафетасында Қазақстан құрамасының қыздары үшінші орынға ие болды. Виктория Зябкина, Светлана Голендова, Элина Михина, Ольга Сафронова сынды аруларымыздың алдын Бахрейн және Қытай қыздары орап кетті.

Кураштан 90 келі салмақ дәрежесінде белдескен Ерсұлтан Мұзапаровқа бұйырғаны қола медаль болды. Ол Ауғаныстан, Вьетнам, Тайпэй балуандарын ұтқанымен, жартылай финалда өзбек Яхио Имамовқа есе жіберіп алды.

Батутта секіру спортынан Пирмаммад Алиев, ал велотректегі омниум бәйгесінде Артем Захаров үшінші орынға ие болып, екеуі де ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегерлері атанды.

Су добынан Қазақстан құрамасының апайтөс жігіттері ширек финалда Иордания ватерполшыларымен кездесіп, жүндей түтті. Есеп – 20:4. Ертең жартылай финалда Қытай құрамасымен кездеседі.

Регбиден Қазақстан құрамасының қыздары Иорданиядағы құрлық ойындарында алғашқы кездесуін өткізіп, Таиланд қыздарын 20:5 есебімен ойсырата жеңді. Алайда түстен кейін Жапония қыздарынан 21:31 есебімен ұтылып қалды.

Волейболдан ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы17-шы орынға орналасты. Олар бүгін Моңғолия жігіттерімен додаға түсулері керек еді. Бірақ қарсыластары алаңға шықпай, біздің құрамаға 3:0 есебімен жеңіс жазылды.

Маруан Түсіп